Әрқайсымыз медициналық ұйымға жүгінген кезде пациент боламыз. Осыған байланысты қолданыстағы заңнама пациенттерге белгілі бір құқықтар береді, сондай-ақ бірқатар міндеттер жүктейді.  

Пациенттің ең негізгі құқықтары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілді көлемін (ТМККК) алу құқығы болып табылады. Сондай-ақ пациенттер ақылы медициналық қызметтерді және ерікті медициналық сақтандыру шартына сәйкес алу құқығы да бар.

«ТМККК шеңберінде медициналық көмек алу үшін, ал болашақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) пациенттер емхананы немесе аурухананы, сондай-ақ дәрігерді таңдауға құқылы. Емхананы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына тіркелу науқаны кезінде таңдауға болады. Науқанның жыл сайын өткізілу себебі, егер азаматтарға қазіргі емханасы ұнамайтын болса, олар емхананы ауыстыру мүмкіндігіне  құқылы. Қазақстандықтар сондай-ақ бір жыл ішінде емхананы еркін таңдау құқығы бойынша  тіркеле алады, сондай-ақ азаматтар басқа жерге көшкен кезде, емхананың қайта ұйымдастырылған кезінде, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен (ӘМСҚ) шарты аяқталған кезде немесе керісінше, азаматтардың тұрғылықты жері жанында ӘМСҚ-мен шарты бар жаңа емхана пайда болған кезде қайта тіркелуі мүмкін» - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Копобаев.

Азаматтарға медициналық көмектің қандай түрлері тегін көрсетіледі.

  1. Амбулаториялық-емханалық көмек, ол:
  • алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК), яғни учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер, медбикелер және денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкерлер көрсететін медициналық көмек;
  • маманның жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек көрсету: бейінді мамандарды тегін қабылдау және консультациялау, зерттеудің зертханалық және аспаптық әдістері, халықтың нысаналы топтарына скринингтік зерттеулер жүргізу, халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін диагностикалық зерттеулердің қымбат түрлері (компьютерлік, магнитті-резонанстық, позитронды-эмиссиялық томография, зертханалық зерттеулердің кейбір түрлері). Бейінді маманның кеңесін АМСК маманының жолдамасы болған жағдайда ғана тегін алуға болады. Тиісті жолдамасыз бұл көмек шұғыл жағдайда ғана және ақылы түрде көрсетілуі мүмкін. Егер осы емханада қандай да бір маман немесе зерттеу түрі болмаса, онда учаскелік дәрігер бірлесіп орындау шарты жасалған ұйымға тегін негізде жіберуге міндетті.
  1. Арнайы әдістер мен күрделі медициналық технологияларды пайдалануды талап ететін аурулар мен жағдайларды диагностикалау мен емдеуге арналған тәулік бойы немесе күндізгі стационар жағдайында медициналық көмек.
  2. Диагностиканың және емдеудің инновациялық, ресурсты қажет ететін және (немесе) бірегей әдістерін қолдана отырып, жоғары технологиялық медициналық көмек АМСК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша емдеуге жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде көрсетіледі.
  3. Шұғыл медициналық араласуды талап ететін аурулар, жазатайым оқиғалар, жарақаттар, уланулар және басқа да жағдайларда көрсетілетін жедел медициналық көмек.
  4. Аурудан арылу және аурудың басқа да ауыр көріністерін жеңілдету үшін емделмейтін науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында амбулаториялық және стационарлық жағдайларда паллиативтік медициналық көмек көрсетіледі.

Диспансерлік есепте тұрған белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттары Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізбеге сәйкес амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, азаматтардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек көрсету кезінде өздерінің қалауы бойынша шарт жасасып,  ақылы медициналық қызметтер алуға құқығы бар. Бұл ретте ақылы медициналық қызметтер толық көлемде де, жеке консультациялар немесе медициналық араласуларды жүзеге асыру түрінде де көрсетілуі мүмкін. Пациенттің ұсынылатын ақылы медициналық қызметтерден бас тартуы ТМККК шеңберінде пациентке тегін көрсетілетін медициналық көмектің түрлері мен көлемінің азаюына себеп бола алмайды. Тегін медициналық көмекті ақылы медициналық қызметтермен ауыстыруға жол берілмейді. Мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмекті төлеу ұсынысы пациенттің құқығын бұзу болып табылады.

 

Медициналық көмек көрсету кезінде туындайтын мәселелер және құқықтардың бұзылуы бойынша қайда жүгінуге болады

Медициналық көмек көрсету кезінде азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда, даулы жағдайларды шешу, соның ішінде медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуден бас тартқан кезде, қызмет көрсету үшін ақшалай қаражат талап ету мәселелері бойынша:

  • медициналық ұйымның әкімшілігіне - әрбір медициналық ұйымда бар бөлімше меңгерушісіне, медициналық ұйымның басшысына немесе пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметіне;
  • денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті органына, қоғамдық денсаулықты қорғаудың аймақтық департаментіне немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына.

Алайда, өз құқықтарын қорғай отырып, азаматтардың өздері де өз денсаулығына қамқорлық жасауға, белсенді өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерді болдырмауға, тамақтану режимін сақтауға, аурулардың алдын алумен айналысуға міндетті екенін ұмытпағандары жөн. Медициналық көмекке уақтылы жүгінбеу, өзін-өзі емдеу, дәрігерге өзінің денсаулығы туралы толық және дұрыс ақпарат бермеу, дәрігердің ұсынымдарын сақтамау аурудың асқынған түрлерінің дамуына әкеп соқтырады. Мұндай жағдайларда тіпті ең жетілдірілген медициналық технологиялар мен дәрігерлердің күш-жігерлері кейде нәтиже бермейді.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ

Қарағанды облысы бойынша филиал директоры                    Ф. Копобаев