Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан

 Сабақтың мақсаты:

1. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, қанды қырғын ошағына айналған екінші дүниежүзілік соғыс жайлы, фашизмге қарсы шайқастар мен онда ерлік көрсеткен батырлар жайлы деректерді өскелең ұрпақтың санасына сіңіруі үшін соғыс жайлы өткен тақырыптарды қайталау және қорытындылау.

2. Жастардың бойында Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік сезімін арттыру. Ерліктің мәнін ұғындыру.

3. Оқушыларға Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан Соғысының мәндерін ұғындыру.

 Сабақтың жоспары:

1. Кіріспесі (жалпылама мағлұмат беру);

2. Білімді қорытындылау мен жүйелеу;

3. ҰОС кезіндегі Қазақстан;

4. ЕДС мен ҰОС-ның соңымен соғыстан алған сабақ

 1

      1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия жасаған келісімді бұзып, КСРО аумағына соғыс жариялап, басып кірді. Ұлы Отан соғысының қарқыны осылай басталды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар майданда шайқасты. Қазақтар отан үшін, фашистерге қарсы бағытталған соғысқа аянбай қатысты. Яғни, қазақ халқының мақсаты ол соғысты жеңіп, тату-тәтті өмір сүру болды.

     Соғыс басталысымен Қазақстан халқы отан қорғаушылар қатарына өзі еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Мәншүк Мәметова: “Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін”, - деп әскери комитетке өтініш берді. Елімізде 2 млн - нан астам міндетті әскери даярлықтан өтті. Майдандағы қызыл армия қатарына 120000 жуық қазақстандық аттанды. Майданға қажетті әскери кадрларды даярлау ісі тылда қарқынды жүргізілді.

      Соғыс болып жатқан өңірлерден Қазақстанға 27 әскери оқу орны көшірілді. Онда соғысқа қажетті 16000 әскери офицер даярланды. 42000 қазақстандық әскери училищеде оқыды.

     Қызыл армия Москва түбінде гитлерлік басқыншыларды алғаш рет женді. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі көп болды.Қазақстандық генерал-майор И.В.Панфилов пен комиссар А.С.Егоров басқарған 316-атқыштар дивизиясының аты аңызғы айналды. Бұл дивизия 1941 жылы 26 қазаннан 18 қарашаға дейін ерлікпен жауға қарсы шайқасты. Бірақ, өкінішке орай 1941 жылы 18 қарашада И.В.Панфилов ерлікпен қаза тапты. Кейіннен “28 панфиловшы” ерлігі аңызғы айналды. Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жаумен болған шайқаста үлкен ерлік үлгісін көрсетті. Москва облысының Бородино селосында неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Т.Тоқтаровқа Кеңестер одағының батыры атағы берілді. М.Ғабдуллин ерлік көрсетіп, жау танкілерін бірнешеуін жойды, Сол үшін оған Кеңестер Одағы батыры атағы берілді. Сонымен Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағы жеңісімен аяқталды. Шешуші Берлин шайқасына көптеген қазақстандықтар қатысты. Р.Қошқарбаев және Г.Булатов рейхстаг төбесіне жеңіс туын тікті. Ту тіккендер қатарында Р.Қаражанов пен Х.Мәденов та болды. Осылай қазақстандықтар ұлы жеңіске өз үлестерін аямай қоса білді. 500-дей қазақстандық Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды. Осылардың 98 қазақтар болды. Қорытындылай өтсек, Ұлы Отан соғысында КСРО 27 миллион адамнан айырылды. 600000-ға жуық қазақстандық майданды қайтыс болды.

      Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталуы Германияда өкімет басына фашистердің келуі және олардың Еуропадағы агрессияшылдық іс-әрекеттері Кеңес Одағы мен гитлерлік Германияның арасында соғыстың болмай қоймайтындығын айқын көрсетті. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса- көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО-ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары - Румыния, Венгрия, Италия, Словакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғыска кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.

       И. В. Сталин халыққа 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы үндеу жариялады. Оны бүкіл ел тыңдады. Қазақстан халқы соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ өздерінің борышын өтеп, майдандағы армияның қатарын толықтырды. Әскери міндеттілерді әскерге алу өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Тарихи әдебиеттерде бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деген атқа ие болды. Бүкіл кеңес халқы ортақ жауға қарсы күреске жұмылды. Алғашқы күндердің өзінде ақын В. Лебедев-Кумач пен композитор А. Александров жауға қарсы күресте көпке ортақ әнұранға айналған «Қасиетті соғыс» әнін шығарды.

 Фашистік Германияның соғыс жоспары

     1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай Германия қысқа мерзім ішінде (6-8 апта) Архангельск-Еділ-Астрахан шебіне шығуды көздеді. Бұл қауырт соғыс - блицкригтің негізгі мақсаты еді. «Барбаросса» жоспарын жасағанда фашистік Германияның басшылары КСРО-ны «көптеген ұлттардың жасанды әрі әлсіз бірлестігі», «ішкі бірліктен айырылған этникалық конгломерат (қоспа)» ретінде қарастырды. Фашистер басып алынған кеңестік аумақта Остланд рейхскомиссариаттарын - герман провинцияларын құруды жоспарлады. Германияның Қазақстанға қатысты жоспары айқын еді. КСРО-ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда бірыңғай герман аумағын құруды көздеді. Бұл аймақты «адамзатқа жатпайтын» славян халықтарынан тазарту міндеті қойылды.

    1941 жылдың соңында түрік-монғол халықтарын жою жоспарланған болатын. Немістердің жоғарғы барлау мектебі болашақ отарлардың карталарының жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ-Жайық» жөне «Үлкен Түркістан» мемлекеттік құрылымдарын құруды жоспарлады. Үлкен Түркістан отарының құрамына Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Синьцзянь, Ауғанстанның солтүстік бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекеттерді құру арқылы гитлершілдер экономикалық және саяси мақсаттарды: ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және қосымша азық-түлік базасына ие болуды, кеңестер елін отарға, оның халқын құлдарға айналдыруды көздеді. Сондай-ақ Қазақстанның орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс аудандары - Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «индустриялық облыстарының» құрамына кіруге тиіс болды. Бұл жерлерде фашистік Германияға қызмет ету үшін украиндар, белорустар мен поляктарды, венгрлер мен Шығыс Еуропаның басқа да халықтарын қоныстандыру жоспарланды. Кейінірек қауырт соғыс жоспарларының күйреуіне байланысты фашистер өз жоспарларын қайта қарап, КСРО-ның орыс емес халықтарының өзін-өзі басқаруына уәде беруіне тура келді. Сөйтіп фашистер бұл халықтарды Мәскеуге қарсы күресте пайдаланбақшы болды.

 Қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлігі

       Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы қиян-кескі шайқастар жүргізді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан артық қазақстандық әскери міндеттілер шақырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық жерде әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылды. Фашистермен шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316- шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы атты әскер дивизиялары, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадалары, 209- Зайсан, 219-минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші, 992-ші авиациялық полктар даңққа бөленді. Көрсеткен ерліктері үшін 316-дивизия 8-гвардиялық дивизия, 328-дивизия 30-гвардиялық дивизия болып, 75-теңіз бригадасы 27-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыр табан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді.

     Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия езінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кенес Одағының Батырлары - Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденмен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) - Рамазан Амангелдиев қатысты.

      1941 жылы Алматы, Ташкент, Фрунзе (қазіргі Бішкек) т. б. қалалардағы әскери училищелердің курсанттарынан 39-жеке атқыштар бригадасы құрылып, 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы тәрізді жауды Мәскеу түбінде талқандап, неміс-фашист басқыншылары басып алған қалаларды азат етті. Жауынгерлік ерлігі мен берік тәртібі үшін 79- атқыштар бригадасы 73-гвардиялық дивизия болып қайта құрылып, оған Сталинградтық дивизия атағы берілді. Еділ үшін болған шайқаста басқа көптеген жауынгерлермен бірге 22-артиллериялық полктық қазақ жауынгерлері де даңққа бөленді. Полк жауынгерлері неміс танкілерін жоюда ерен ерлік көрсетті. 1943 жылы Орал облысынан майданға 24 қазақ қыздары аттанды. Подольск қаласындағы мергендер мектебін бітірген соң, олар Сталинград майданына келді. Ержүрек қазақ қыздарының даңқы бүкіл майданға тарады, олардың ішінде М. Тоқтамысова, Р. Момынова, А. Бекетова, М. Нестеренко, Е. Семенюк т. б. болды.

     Үш жылдан астам уақытқа созылған Ленинград үшін шайқас елдің бүкіл солтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Барлық ұлттардың жауынгерлерімен бірге қазақ жауынгерлері де Ленинградты табан тіреп қорғады. Жаудың қоршауында қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік, қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар тиелген көптеген эшелондар жіберілді. Ладога көлі аймағындағы алғашқы шайқастардың өзінде-ақ қазақстандық 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақстандык жауынгерлер Ленинград облысының 22 елді мекенін азат етуге, қоршаудағы қаланың «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етуге, «Өмір жолын» салуға қатысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Ержүрек комсомол, мерген қызды III дәрежелі Даңқ орденімен марапаттады, ал қаза тапқаннан кейін 1944 жылы шілдеде оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 24-атқыштар бригадасында қызмет еткен 3. Оңғарбаева да ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды.

     Қазақстан жауынгерлері Балтықтың теңіз шептерін табанды түрде қорғады. Қызыл тулы «Киров» крейсерінде соғыс басталғанға дейін жіберілген 156 қазақстандық ерлігімен көзге түсті. 1942 жылы жаз бен күзде соғыстың шешуші оқиғалары КСРО-ның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Еділ мен Дон өзендерінің аралығында болды. Қазақстанда құрылған бөлімшелер Еділдегі шайқасқа да қатысты. Қаһарман-қала Сталинградтың (қазіргі Волгоград) тұрғындарының есінде Қазақстанда жасақталған, полковник Г. Сафиуллин басқарған 38-шы атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерліктері жатталып қалды. Сталинград түбіндегі қорғаныс шайқастарында дивизияда мергендік қозғалыс өрістеді.

    Мыңдаған қазақстандықтар Еділ бойы мен Дон далаларында көрсеткен ерліктері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Ұшқыш Нүркен Әбдіровке, танкист Тимофей Позолотинге, атқыш Гияз Рамаевқа, минометші Қарсыбай Спатаевқа Кеңес Одағьының Батыры атағы берілді. Көптеген Қазақстандықтар Курск доғасында шайқасқан Брянск, Орталық, Воронеж және Далалық майдандардағы әскери құрамалар мен бөлімдердің құрамында неміс-фашист әскерлерін талқандауға елеулі үлес қосты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі, үздік әскери қимыл-әрекеттері үшін 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының 7 500 солдат, сержанттары мен офицерлері (оның ішінде А. Бельгиннің батальоны да бар) КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталды, 27 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

     Днепрден өту шайқастарына қатысқан 73-ші гвардиялық дивизияның 210 жауынгеріне, 72-ші гвардиялық дивизияның 29 жауынгеріне, 8-ші гвардиялық дивизияның 46 жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жоғарғы үкімет марапатына ие болғандардың арасында А. Әлімбетов, Ж. Сүлейменов, С. Жақсығұлов, Қ. Шәкенов, С. Шәкіров, А. Петров, В. Бреусов, Т. Вербицкийлер болды. 1943 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан еңбекшілеріне жазған хатында 25-гвардиялық атқыштар корпусының командирі былай деген: «Днепрдегі ұлы шайқаста қазақ халқының ұлдары жауға өздерінің біздің Отан-анамызға деген ыстық махаббатын тағы да көрсетті, олардың тамырларында халық батыры Амангелдінің батырлық қанының суымағанын танытты. Днепр жағалаулары мен Днепрден өту кезіндегі шайқастарда қазақтар көрсеткен ерліктердің бәрін санап бітпейсің».