«Приозерск қаласының №2 ЖОББМ» КММ-нің «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде ағымдағы жылдың 04-маусым – ҚР мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған «Мемлекеттік рәміздерді білесің бе?» тақырыбында лагерде демалушы оқушылар арасында сайыс өткізілді.
Сайыстың мақсаты - оқушыларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы ақпарат беру, оларды ерекше құрметтеп, мақтан тұту керектігін ашып көрсету, оқушылардың өз бетінше іздену, ойлау қабілеттерін дамыту. Өз Отанына, оның рәміздеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру болатын. Оқушылар сайысты ҚР Әнұранымен бастады. Оқушылар «Қырандар» тобы, «Білімділер» тобы, «Ойшылдар» тобы болып 3 топқа бөлінді. Сайыс 5 кезеңнен тұрды: 1) «Таныстыру» кезеңінде әр топ өздерін таныстырып, ұрандарын айтып өтеді; 2) «Кім тапқыр?» кезеңі бойынша әр топқа берілген сұрақтарға жауап берді; 3) «Ойлан тап!» кезеңі деп аталды. Бұл кезеңде «Авторлар», «Ұғымдар», «Спортшылар», «Мемлекет» деп аталатын төрт категория берілді. Әр категорияның сол жағында 10, 20, 30, 40 деген ұпай сандары көрсетілген ұяшықтар орналасқан. Әрбір ұяшықта сол категорияға байланысты сұрақтар жасырылған болатын. Оқушылар кезекпен категорияны және ұпай көрсетілген ұяшықты таңдап, дұрыс жауап берген сұрақтарына ұяшықта көрсетілген ұпай санын иеленді; 4) «Мақал –сөздің мәйегі» кезеңінде туған жер, Отан туралы мақалдардың бастапқы бөлігі беріліп, оқушылар мақалдың жалғасын бұлжытпай тапты; 5) «Менің қиялымдағы рәміз» кезеңі деп аталды. Бұл кезеңде әр топ қысқа уақыт аралығында қиялдарындағы рәміз суретін салып, топ мүшелері бірлесіп қорғады. Сайысқа мектеп директорының тәрбие ісінің меңгерушісі – А. Ермағамбетова, лагерь басшысы - Ж. Купяшаров, денешынықтыру нұсқаушысы - С.Таусоғаров бастаған әділқазылар төрешілік жасады. Сайыс мәресінде әр топтың жинаған ұпай сандарын санап, 120 ұпаймен жеңіске жеткен «Білімділер» тобы І орынға, 110 ұпаймен «Ойшылдар» тобы ІІ орынға, 960 ұпаймен «Қырандар» тобы ІІІ орынға ие болып, топ басшылары мақтау қағазымен марапатталды. Сайыс өте қызықты, әрі тартысты өтті. Оқушылар сайыс соңында ризашылықтарын білдірді. И. Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» әнін көк туды желбіретіп, сайысты аяқтады.